Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Эр-Рияд қаласында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның алтыншы отырысына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пленарлық отырыста Ержан Еркінбаев елдер арасындағы туризм саласының ынтымақтастығы кеңейгенін атап өтті.
Келесі жылдан бастап Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында "Алматы-Джидда" бағыты бойынша аптасына 2 рет рейс орындайтын тікелей рейстер ашылады.
"Біз Сауд Арабиясының жергілікті БАҚ өкілдерін, қызметкерлерін және туристік компанияларын елдің туристік әлеуетін көрсету үшін ақпараттық тур аясында Қазақстанға келуге шақырамыз. Бұл Сауд Арабиясы азаматтарына Қазақстан табиғатының көркем пейзаждарын өз көздерімен көруге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Ержан Еркінбаев.
Кездесу соңында, Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев жиынға қатысушылардың барлығын 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша, арнайы хаттамаға қол қойылды.