Құрылтай Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сіздерге 2023 жылғы 29 қарашада Белград қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауды көздейтін Заң жобасы ұсынылады. Келісімнің мақсаты – тараптар арасындағы теңдік қағидаты негізінде әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және әрі қарай өзара тиімді дамыту. Келісіммен әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау, бірлескен ғылыми-зерттеулер мен тәжірбиелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, технология трансферлері, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары көзделген", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Ведомство өкілінің айтуынша, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу кезінде әскери инфрақұрылым нысандары пайдалануы мүмкін болғандықтан келісім ратификациялауға жатады. Қазақстан тарапынан Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болып белгіленіп отыр.
"Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін Тараптармен әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылады. Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешені мен әскери-техникалық ынтымақтастығының дамуына қосымша серпін беретін болады", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.