"Қазақстан жеріне қош келдіңіздер! Бүгін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы өзара келіссөз алаңы болып отыр. Келіссөзге Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы Күштердің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік органдарының, "Қазақстан Инжиниринг" Ұлттық компаниясының өкілдері мен Ұлттық ұланның басшылық құрамы қатысып отыр. Қатысушылар сіздердің ұсыныстарыңызды мұқият тындап, мүдделі тараптардың ой-пікірлерін тыңдауға дайын", – деді келіссөздің ашылу барысында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов.
Сербтік тараптан сөз алған "Yugoimport" компаниясы Бас директорының орынбасары Пантик Даниел алдымен осы кездесуге мүмкіндік берген Ұлттық ұлан басшылығына және қазақстандық тарапқа өз алғысын айтып, өзімен бірге келген делегация құрамымен таныстырды.
Срадан Никодживич сербиялық қару-жарақ зауыттары өнімдерінің тұсаукесерін өткізді. Сондай-ақ қазақстандық күш-құрылымдармен арадағы байланыс пен ықпалдастық көкжиектері туралы алғышарттарды тілге тиек етті. Шара барысында қазақстандық әскерилер тарапынан сауалдар қойылып, кездесу сұрақ-жауап форматына ауысты. Оған сербиялық делегация мүшелері тұщымды жауаптар берді.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов сербиялық қару түрлеріне, полиция мен жандармерияға арналған автокөліктерге және тікұшақтарға арналған оқшашарларға сұраныс барын жеткізіп, Қазақстанда қарудың кей түрлері мен құралдарын шығаратын ортақ өндіріс орнын ашу мәселесін көтерді.
Сербиялық тарап кездесуге оң бағасын бере отырып, бүгінгі кездесуден көп үміт күтетінін жеткізді.