Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Астанада өткен Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсемен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Швеция Сыртқы істер министрлігі арасында Қазақстан – Швеция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі алғашқы екіжақты комиссияны құру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Құжат екі елдің мемлекеттік органдары, іскер топтары, қаржы ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
"Қазақстан үшін Швеция өнеркәсіп пен технология саласындағы ең перспективалы серіктестердің бірі. Бізде ынтымақтастықтың табысты үлгілері бар. Енді осы оңтайлы қадамдарды ауқымды, жүйелі әрі нақты жобаларға негізделген әріптестікке ұластыру маңызды. Біз Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге мүдделі швед компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз", – деп атап көрсетті Ерсайын Нағаспаев.
Кездесу барысында Диана Янсе швед бизнесінің Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Тараптар алдағы уақытта екіжақты диалогты жаңа комиссия аясында жалғастырып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.