Қазақстан мен Швеция маңызды мерейтойлық іс-шара – дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бұл – ынтымақтастық қорытындысын жасауға оңтайлы себеп. Өткен жылдарда қазақ-швед қарым-қатынасы дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізді: үкіметтік және парламентаралық делегацияның тұрақты түрде сапар алмасуы жүзеге асырылады, берік келісімшарттық база құрылды, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл қарқынды дамып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға 2004 жылғы ресми сапары екі елдің ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды кезең болды. 2013 жылы Қазақстан мен Швеция сыртқы саяси ведомстволары басшыларының сапары да жемісті өтті.
Швеция Солтүстік Еуропа елдерінің ішінде Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тарту мен тауар айналымы жөнінен екінші орын алады. Бұл швед бизнесінің Қазақстанға өспелі қызығушылығын және оны Швеция үкіметі ынталандырып отырғанын көрсетеді. Мәселен 2015 жылы Швецияда швед өнімі экспорты көтермеленетін басым елдердің қатарына Қазақстан кіретін экспортты ілгерілету жөніндегі Стратегия қабылданды. Ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлінеді.
Дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған тұста Қазақстан мен Швеция 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде жұмысқа кірісуінің символдық мәні бар және күн тәртібінің барлық мәселесі төңірегінде бірлесіп, тығыз қызмет етуге ниетті.
Астана мен Стокгольм жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау сияқты әлемдік саясаттағы көптеген маңызды мәселе жөніндегі пікірі ұқсас болғандықтан халықаралық аренада табысты өзара іс-қимыл жасап келеді. Швецияның белсенді сыртқы саясатын ескере отырып, Қазақстан онымен халықаралық саясаттың өзекті мәселелері жөнінде диалогты дамытуға мүдделі.
Ширек ғасырда қол жеткізген қазақ-швед ынтымақтастығының жоғары деңгейі саяси диалогты және екі елдің іскер топтары мен азаматтары арасындағы өзара байланысты одан әрі күшейтуге серпін береді.