Қазақстан мен Сингапурдың авиациялық органдары арасындағы келіссөздер бейнебайланыс арқылы өтті.
Қазақстандық делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, сингапурлық делегацияны Азаматтық авиация әкімшілігінің бас директоры Хан Кок Хуан басқарды.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап тікелей рейстерге қызығушылық танытып, сингапурлық авиакомпанияларға Қазақстанда "ашық аспан" режимін, оның ішінде әуе еркіндігінің "бесінші дәрежелі" құқығын пайдалануды ұсынды. Сингапур тарапы "ашық аспан" режимін құптап, бұл ұсыныс сингапурлық әуе компанияларымен пысықталатынын айтты.
Тараптар 2023 жылдың шілдесінде Сингапур авиакомпаниялары мен Сингапур-Чанги әуежайының қатысуымен өткен кездесуде әуе қатынасын ашу мәселесін талқылауды жалғастыруға келісті.