Словакия Премьер-Министрінің орынбасары – Қорғаныс министрі Роберт Калиняк бастаған делегацияның Қазақстанға жұмыс сапары барысында еліміздің мемлекеттік органдары мен ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулері өтті. Бұл туралы ІІМ ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сапар аясында Роберт Калиняк Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековпен кездесу өткізді. Словакия елінің делегациясына Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметі туралы қысқаша баяндама ұсынылды.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Словакияның Қорғаныс министрлігімен өзара тиімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ басқа да ведомстволары мен кәсіпорындарымен өзара іс-қимылды жолға қою жөніндегі ұсыныстарды қарауға дайын. Біз тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығулар мен әскери – техникалық ынтымақтастықты қоса алғанда, әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуды қолдаймыз, – деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.
Қатысушылар кездесуде екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, одан әрі өзара іс-қимылдың перспективаларын айқындады.
Өз кезегінде Роберт Калиняк қорғаныс өнеркәсібі кешені шығаратын өнімдердің кең спектрін ұсынды.
– Біз қазақстандық әріптестерімізге заманауи қару-жарақ пен техниканы ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілерді түрлі мамандықтар бойынша оқытудың кең спектрін ұсынуға дайынбыз, – деді Словакия Қорғаныс министрі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруға және әртүрлі деңгейдегі байланыстарды қолдауға келісті.