Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сайлау комиссиясының мүшесі Ситтичоти Интарависетпен кездесіп, екі елдің сайлау жүйелері мен саяси жаңғырту бағыттарын талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында Қазақстандағы конституциялық реформалар, оның ішінде қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу мәселесі таныстырылды. Сондай-ақ 23 тамызға жоспарланған Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпарат берілді.
Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар бес жыл мерзімге бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен сайланады. Сайлауға жеті саяси партия қатысады.
Елші Қазақстандағы сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне де тоқталды. Елде шамамен 12,6 млн тіркелген сайлаушы бар. Сайлаушылар тізімдерін өзектендіру және азаматтардың өз деректерін тексеруі үшін "Сайлау" ақпараттық жүйесі қолданылады.
Кездесуде Қазақстан мен Таиланд арасындағы экономикалық және сауда байланыстары да сөз болды. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 255,1 млн долларға жетіп, шамамен 8%-ға өскен. Сол жылы Таиландқа 200 мыңға жуық қазақстандық барған.
Тараптар сайлау процесін ұйымдастыру, сайлау институттарын жетілдіру және мемлекеттік басқару салаларында тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екенін білдірді.