Қазақстан мен Татарстан қар барысын қорғау бойынша меморандумға қол қойды

453

2025 жылы Қазақстанда қар барысының саны 155-192 дарақ деп бағаланды.

Қазақстан мен Татарстан қар барысын қорғау бойынша меморандумға қол қойды Фото: gov.kz

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Татарстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында қар барысын сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев пен Татарстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Азат Зиганшин қол қойды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

  • Қар барысының санына, көші-қонына және денсаулық жағдайына мониторинг жүргізу бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру;
  • Қар барысының мекендеу ортасын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және іске асыру;
  • Ғылыми-техникалық ақпаратпен және қар барысын қорғау саласындағы тәжірибемен, оның ішінде спутниктік бақылау, генетикалық талдау және ветеринариялық бақылау әдістерімен алмасу;
  • Қар барысының экологиясын, мінез-құлқын және көші-қон бағыттарын бірлесіп ғылыми зерттеу;
  • Браконьерлік пен заңсыз сауданың алдын алу;
  • Экологиялық ағарту іс-шараларын өткізу;
  • Қар барысының санын есепке алу тәсілдерін үйлестіру және бірыңғай деректер базасын қалыптастыру;
  • Табиғат қорғау жобаларын іске асыруға халықаралық ұйымдарды, ғылыми орталықтар мен донорларды тарту.

Айта кетейік, қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оның негізгі мекендеу аймақтары Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Сауыр және Алтай тау жүйелерінде орналасқан.

2000 жылдардың басында Қазақстандағы қар барысының саны 100-110 дарақ деп бағаланса, 2025 жылғы есеп бойынша бұл көрсеткіш 155-192 дараққа жеткен.

Қар барысын зерттеу үшін елімізде 2012 жылдан бастап фототұзақтар, ал 2021 жылдан бастап спутниктік телеметрия технологиялары қолданылып келеді. 2026 жылы спутниктік қарғыбау тағылған қар барыстарының саны 17-ге жетті.

2025 жылы Жамбыл облысында табиғи кешендерді, оның ішінде қар барысының табиғи мекендеу ортасын қорғау мақсатында "Меркі" өңірлік табиғи паркі құрылды.

Сондай-ақ 2024 жылы Қазақстан Қырғызстанмен қар барысын сақтау жөнінде меморандумға қол қойған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу