Қазақстан мен Тәжікстан қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес бағытындағы серіктестікті жандандыруға ниетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Ұлттық павильонында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Тәжікстан Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализодамен жүздесті.
Келіссөздерде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау және климаттық өзгерістерге бейімделу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері арасында ортақ экологиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Министр екі елдің тиісті ведомстволары арасында 2023 жылы қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум ынтымақтастықты дамытудың маңызды құжаты екенін айтты. Ал әріптестіктің жаңа бағыттары биыл 27 қазанда Душанбеде өткен Үкіметаралық комиссияның 20-отырысында талқыланған.
"Қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етіп, нақты нәтижелерге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға көшуді маңызды деп санаймыз", – деді Әлібек Қуантыров.
Бұдан бөлек, тараптар гидроэнергетика саласындағы тәжірибе алмасу, энергия тиімділігін арттыру және төмен көміртекті технологияларға инвестиция тарту жолдарын сөз етті. Мұздықтарды қорғау, гидрометеорологиялық бақылау жүйесін дамыту және табиғи апаттар туралы алдын ала хабарлау тетіктерін жетілдіру де күн тәртібіне енгізілді.

Кездесу барысында Қазақстанның Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте ұсынған екі бастамасы да қаралды.
Оның бірі – Орталық Азияның ең озық қолжетімді техникалар бюросы мен өңірлік цифрлық платформасын құру. Бұл жоба елдер арасында экологиялық технологиялар мен сараптамалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ өнеркәсіп орындарын экологиялық жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда осы бағыт бойынша 24 анықтамалық бекітілген.
Екінші жоба өңірде Жасыл акселерацияның хабын ашуды көздейді. Оның негізгі міндеті – экологиялық стартаптарды қолдау, таза технологияларды дамыту және инновациялық компаниялардың өзара байланысын нығайту.
Қазақстан 2023 жылдан бері ЮНИДО-мен бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде бағдарлама аясында 100-ге жуық стартап акселерациядан өткен.
Қазақстан Тәжікстанның аталған жобаларға қосылуына мүдделі екенін білдірді. Тараптар өңірдегі экологиялық және климаттық мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдерінің күш біріктіруі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Әлібек Қуантыров пен Баходур Шерализода Тәжікстанның ұлттық павильонын аралап, оның жұмысымен және тұжырымдамасымен танысты.