Қазақстан мен Тәжікстан сенаторлары су мәселесін талқылады

455

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасына ресми сапары аясында ҚР Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисінің Милли Мажлисі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.  

Қазақстан мен Тәжікстан сенаторлары су мәселесін талқылады

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия жұмысы екі ел Парламенттері палаталарының парламентаралық ынтымақтастығын нығайтуды және осы бағыттағы нақты істерді қолға алуды көздейді. Осыған байланысты отырыс барысында депутаттар бірқатар перспективалық бағыттарға назар аударды.

Атап айтқанда, екі ел депутаттарының мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы мәселелерді шешуге ықпал етуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ көші-қон саясаты бойынша да өзара жәрдемдесу мәселесі сөз болды.

Комиссия отырысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серктестікті одан әрі кеңейтудің және нығайтудың маңызды екенін айтты. Сенат төрағасы бұл ретте екі елдің Президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның өзара қарым-қатынасы мен келісімдерінің айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев аталған келіссөздерді іске асыру бағытында парламентаралық байланысты барынша арттыру Парламент депутаттарының міндеті екенін жеткізді. Ол таяуда құрылған Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның бірінші отырысы соның нақты нәтижесі екенін де тілге тиек етті.

"Бүгін біз Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасына қол қойдық. Осыған орай алдағы уақытта біздің палаталардағы тиісті комитеттердің делегациялары өзара тәжірибе алмасуы екіжақты байланысты арттыруға игі әсерін тигізеді. Соның ішінде жастар және сараптамалық құрылымдар бойынша ынтымақтастықтың келешегі зор. Бұл ретте Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Милли Мажлис жанындағы Жастар Парламенті арасында байланыс орнатудың берері мол деп есептейміз. Одан бөлек, алдағы уақытта су ресурстарын тиімді пайдалану, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша парламентшілер арасында бірқатар "дөңгелек үстелдер" мен іс-шаралар өткізуге болады. Оның бәрі өзара парламентаралық ынтымақтастықты нығайтып, нақты нәтижені арттыра түседі", – деді Сенат Төрағасы.

Ресми сапар барысында Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.

Сенат Төрағасы Тәжікстан басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен бауырлас елдің халқына игі тілегін жеткізді. Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстанда қоғамдық-саяси бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі реформаларға да тоқталып өтті.

"Қазақстанда қаңтар айында болған қайғылы оқиғалар елде жүйелі және елеулі өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 5 маусымда ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Біздің Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер елдің саяси жүйесін айтарлықтай өзгертуді көздейді", – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен келіссөздер жүргізді. Кездесуде Сенат Спикері Қазақстан Парламентінің Сенаты Тәжікстанның Милли Мажлисімен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделі екеніне тағы бір мәрте назар аударды. Тараптар депутаттардың экология, трансшекаралық өзендердің суларын пайдалану және басқа да ортақ проблемаларды бірлесіп шешуге қатысты мәселелерді талқылады.

Сенат Төрағасы Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі намояндагон Мажлисінің төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен де кездесті. Сондай-ақ тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, біздің шекарашыларға арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу