Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін артпақ. Бұл туралы бүгін Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен өткен келіссөзден кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан арасында түйіні тарқамаған еш мәселе жоқ. Керісінше сауда, өнеркәсіп, энергетика, транспорт, логистика салаларындағы өзара тиімді жобалар кең өрісті серіктестіктің пәрменді драйверіне айналды. Жаңа ғана қадірлі әріптесім Рашид Овезгельдиевичпен дәстүрлі достық және өзара сенім рухында келіссөздер өткіздік. Екіжақты ынтымақтастықтың өткен жылғы қорытындыларын талқылап, тың бағыттар мен іргелі міндеттерді айқындадық.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі. Сондай-ақ, оларды сапалы және бекітілген мерзімде орындау үшін күш-жігерімізді салуға келістік. Кездесуде Парламентаралық және Үкіметаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделілік толық қуатталды, – деді Мұрат Нұртілеу.
Сондай-ақ, ол екі ел көктем айларында саяси консультациялар өткізуге келіскенін атап өтті.
– Экономикалық ынтымақтастықты одан ары тереңдету екі тарап үшін өзекті де өзара тиімді мәселе. Кейінгі жылдары тауар айналымы 4 есе өсті. Қазіргі таңда оның ауқымы 500 млн АҚШ долларына жуық. Уағдаластықтарға сәйкес, оң динамиканы сақтай отырып, көрсеткішті 1 млрд долларға дейін арттыруды көздеудеміз. Осы мақсатқа жету жолында үкіметаралық комиссия тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобы және іскерлік кеңесті жандандыруға уағдаласты, – деді ҚР СІМ басшысы.
Қазірдің өзінде Қазақстан Түрікменстанға экспорт көлемін 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын.