Қазақстан мен Түрікменстан қылмысқа қарсы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

184

Құжатта қылмыскерлікке қарсы күрес саласындағы тиімді ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құруға бағытталған ережелер бар. 

Қазақстан мен Түрікменстан қылмысқа қарсы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады Фото: СІМ

Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келісім қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кұқықтық негізін құрайтын болады.

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылып, сол кезден бастап достық пен стратегиялық әріптестік рухында қалыптасып, тұрақты түрде дамып келеді. Екі ел экономика, мәдениет және білім беру салаларында белсенді қарым-қатынас жасауда.  

"Қазақстан мен Түрікменстан мемлекетішілік және трансұлттық қылмыскерлікке тиімді қарсы тұру үшін құжатта көзделген қылмыстар бойынша ғана емес, сондай-ақ екіжақты кeлiciммен басқа да қылмыстарға қарсы күресте өзара іс-қимылды жүзеге асыратын  болады. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастамасы болып табылатыны сөзсіз", – делінген Сенат ақпаратында.

Заңның мақсаты – қылмыскерлікке қарсы күресте ынтымақтастықты дамыту және нығайту, екі мемлекет азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Заңның міндеті – 2024 жылғы 10 қазанда Ашғабат қаласында жасалған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау. 

Құжатта қылмыскерлікке қарсы күрес саласындағы тиімді ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құруға бағытталған ережелер бар.  

Келісімде мыналарды:
- ұйымдасқан қылмыскерлікті;
- терроризм және экстремизм, оларды қаржыландыруды;
- есірткі, қару-жарақ, көші-қон және адам саудасына байланысты қылмыстарды;
- сыбайлас жемқорлық, экономикалық және киберқылмыстарды қоса алғанда қылмыстардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен шаралар көзделген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу