Қазақстан мен Түрікменстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

88

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. 

Қазақстан мен Түрікменстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді Фото: Ақорда

Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

– Қазақ пен түрікмен – ежелден достығы жарасқан туыс халықтар. Біздің тарихымыз және мақсат-мұратымыз – ортақ, мәдени-рухани құндылықтарымыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкіметтеріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды.

Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады. 

– Мемлекеттерімізді ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи тамырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу