Қазақстан мен Түркіменстан көлік саласындағы өзара байланыс туралы Меморандумға қол қойды

332

Бұл туралы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.  

Қазақстан мен Түркіменстан көлік саласындағы өзара байланыс туралы Меморандумға қол қойды Фото: Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті

26-27 қараша күндері Ашхабад қаласында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Түркіменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникация агенттігі бас директорының орынбасары Батыр Аннаевтың тең төрағалығымен көлік, транзит және логистиканы дамыту мәселелері жөніндегі Қазақстан-Түркіменстан бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Жұмыс тобының отырысы шеңберінде көлік, транзит және логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігі арасында көлік саласындағы өзара байланыс туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандум екі ел арасындағы теміржол және теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үндестіру, өзара ақпаратпен алмасу үшін цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде бірлескен шаралар қабылдауды қоса алғанда, екі елдің аумақтары бойынша тасымалдау көлемін арттыру мәселелері қамтылатын болады.

Сонымен қатар жұмыс тобының отырысы барысында тараптар "Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран" дәлізін бірлесіп дамыту туралы уағдаласты. Екі тарап сонымен бірге "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізі транзиттік және экспорттық жүктер ағымының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Айта кетерлігі, жалпы осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аталған дәліз бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 15%-ға ұлғайып, 1,7 млн тоннаны құрады.

Күн тәртібіне сәйкес тараптармен теміржол қатынасы саласында икемді бәсекеге қабілетті тарифтік саясатты қалыптастыру мәселесі көтеріп, бұл бағытта атқарылған жұмыстың оң нәтижелері сөз болды. Кездесу соңында екі ел арасындағы көлік, транзит және логистика саласындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығы ерекше аталып өтті.

Ашхабад қаласына жұмыс сапары аясында көлік вице-министрі Т.Ластаев көлік саласына қатысты өзекті мәселелер қозғалған халықаралық конференция мен көлік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тиісті көрмеге қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу