Қазақстан мен Түркия БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері аясындағы бітімгершілік миссиясы бойынша келісімге келуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, тараптар арасындағы өзара іс-қимылды көздейтін Техникалық келісім жобасы мақұлданды.
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері миссиясы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы Техникалық келісімнің қоса беріліп отырған жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Жұманғарин Серік Мақашұлына Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан жоғарыда аталған техникалық келісімге қол қоюға, сондай-ақ мазмұны жағынан елеулі өзгерістер әкелмейтін түзетулер мен толықтырулар енгізуге өкілеттік берілсін, – делінген үкімет қаулысында.
Келісімнің мақсаты тараптардың міндеттемелері мен қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуіне байланысты жалпы қағидаттар мен рәсімдерді айқындау. Осыған сәйкес, қазақстандық әскери қызметшілер Түркия Республикасы Қарулы күштерімен бірлесіп, БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері миссиясына қатысып жатқан әскери кемелерде орналастырылады деп атап өтілген құжатта.
Қаулы заңды түрде күшіне енді.