Бүгiн түркiтiлдес елдердiң іскерлiк кеңесiнiң бесiншi отырысында Қазақстан мен Түркия арасында бiрлескен сауда-өнеркәсiп палатасын құру туралы меморандумға қол қойылды. Палата Қазақстаннан Түркияға бұрынғыдай шикiзат емес, дайын өнiм экспорттауға мүмкiндiк бермек, деп хабарлайды baq.kz.
"Бүгiнгi кеңес аясында Қазақстан мен Түркия арасында сауда-өнеркәсiп палатасы құрылды. Палатаның басты мақсаты – бiздiң экономикалық жағдайымызды жақсартып, Қазақстан мен Түркия кәсiпкерлерiнiң арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Түркия кәсіпкерлерi инвестиция жағынан Қазақстанға өте үлкен қызығушылық танытып отыр. Бiрақ кей кезде ақпараттың жоқтығынан кедергiлер туындайды, сол кедергiлердi болдырмау үшiн осы палата екi жақтан жұмыс істейді. Палатаның екi кеңсесi болады. Бiреуi Астанада, екiншiсi Ыстанбұлда орналасады", – дейдi "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, екi ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын нығайып келеді. Қазiр Қазақстаннан Түркияға экспорт басымырақ, Түркиядан тауар азырақ импортталады.
"Дегенмен елiмiзден Түркияға негiзiнен шикiзат экспортталып жатыр. Сондықтан осы палата аясында шикiзатты емес, дайын өнiм мен тауар жiберу керек. Палата алдағы уақытта осы салада жұмыс атқарады", – дейдi Нұржан Әлтаев.