Қазақстан мен Украинаның арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың алғашқы 4 айында 37,3%-ға өсті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Астанадағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен мемлекетаралық Қазақстан-Украина комиссиясының XIII отырысында қол елдің үкіметтік делегациялары екі елдің экономика, энергетика, көлік және логистика, АӨК, туризм, азаматтық авиация салаларындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында елдер арасындағы өзара сауда көлемі 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға өсті және 486,3 млн долларды құрады. Осыған байланысты, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары А. Мамин экономикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін баса айтты.
Айтар болсақ, бүгінде Қазақстанда Украинаның қатысуымен 661 кәсіпорын жұмыс істейді.
"Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін экспорттық-импорттық операцияларды ұлғайтып, жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту керек, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның кәсіпкерлері арасында тікелей байланысты орнату қажет", - деді ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин.
Қазақстан мен Украина арасындағы жүк ағынының артуы транзит пен логистика саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін айғақтайды. 2017 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Украина арасындағы экспорттық және импорттық жүк көлемі 186,6 мың тоннаны құрады, бұл 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Транскаспий халықаралық көлік бағдары дәлізін дамыту жұмысы жалғастырылып жатыр.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша А. Мамин мен Г. Зубко тиісті хаттамаға қол қойды.