ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кэти Личпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар елдер арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық пен тұрақты әуе рейстерінің санын арттыруды талқылады.
Комитет төрағасы қазақстандық азаматтық авиация саласының бүгінгі ахуалы жайында және алдағы жоспарлары турасында әңгімеледі. Ал Кэти Лич "Климаттық амбициялар үшін халықаралық авиациялық коалиция" жобасына қолдау көрсетуге шақырды. Бұл жоба Ұлыбританияның бастамасымен жүзеге асырылуда.
Осы ретте айта кетерлігі, Климаттық амбициялар үшін халықаралық авиациялық коалицияның құрамына ICAO ұйымының жаһандық жетекшілігімен жұмыс істейтін елдер тобы кіреді. Коалиция климаттық амбицияларды арттырудың жалпы мақсатына жетуді көздейді.
Өз кезегінде қазақстандық тарап қоршаған ортаға кері әсерді азайтуға мүдделі екендігін және бұл мәселені барлық ынталы тараптар мен ұлттық мүдделерді ескере отырып жан-жақты қарауға дайын екендігін жеткізді.
Сонымен қатар кездесу барысында биылғы жылдың 27 қыркүйегі мен 7 қазаны аралығында өтетін Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Ассамблеясының 41-ші сессиясының күн тәртібіндегі мәселелерді назарға алды. Бұдан бөлек, елдер арасындағы 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы навигация кезеңіндегі күнделікті тұрақты рейстердің санын арттыру жайы да қарастырылды.