Қазақстан мен Вьетнам сауда-экономикалық қатынастарды екіжақты нығайтпақ

129

Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Нгуен Суан Тхангты қабылдады.

Қазақстан мен Вьетнам сауда-экономикалық қатынастарды екіжақты нығайтпақ Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тхангпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы бүгінде қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Вьетнамға жасаған былтырғы ресми сапарын ықыласпен еске алды. Ханой сапары барысында жүргізілген маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға дайын.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнамның әлеуметтік-экономикалық дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызына тоқталды.

Нгуен Суан Тханг елдің Орталық комитеті Саяси бюросы мен Ұлттық жиналысы Қазақстан Президентінің Вьетнамға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға белсенді атсалысып жатқанын айтты

Оның пікірінше, елдеріміздің ұстанымдары ұқсас әрі БҰҰ, АӨСШК сияқты көпжақты алаңдарда табысты ынтымақтастық орнатқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылғанын құптады. Бұл құжаттың бірлескен ғылыми зерттеулерге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды әрі оны Астана халықаралық форумымен орайластыруды ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу