Токиода Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінде қазақстандық "Shin-Line" және жапондық "Shigemitsu Industry" компаниялары бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Жапонияның танымал AJISEN RAMEN брендін Қазақстанда дамытуға және кейін Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығаруға бағытталған.
Ынтымақтастық аясында "Shigemitsu Industry" өнімдерінің өндірісін Қазақстанда кезең-кезеңімен жергіліктендіру жоспарланып отыр. Өнімдер жапондық технологиялар мен өндірістік стандарттарға, сондай-ақ Халал талаптарына сай шығарылады.
Алғашқы кезеңде Алматы облысының Байсерке ауылындағы "Shin-Line" кәсіпорны аумағында орталықтандырылған өндірістік база құрылады. Сонымен қатар Алматы қаласында брендтің алғашқы флагмандық мейрамханасын ашу көзделген.
Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевтың айтуынша, жоба екі ел арасындағы шикізаттық емес секторлардағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жапон технологиялары мен басқару тәжірибесін тартуға, тамақ өнеркәсібін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Тараптар алдағы уақытта AJISEN RAMEN желісін Орталық Азия елдерінде дамытуды жоспарлап отыр. Кейін ЕАЭО, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі де қарастырылады.
Өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру ішкі нарықты ғана емес, көршілес мемлекеттердегі бренд нысандарын да өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жапон тарапы үшін Қазақстан Орталық Азиядағы брендті дамытуға арналған негізгі өндірістік және логистикалық алаңға айналуы мүмкін.