Кездесуде екі ел арасындағы энергетикалық және экономикалық байланыстардың қазіргі деңгейі мен алдағы даму бағыттары сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары деңгейінде бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барысы талқыланды.
Тараптар мұнай-газ секторындағы бірлескен жұмыстарға басымдық берді. Атап айтқанда, мұнай өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру, инвестиция тарту және озық жапон технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
Қазақстан тарапы жапондық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Елдің табиғи ресурстары, географиялық орналасуы және инвестициялық жобаларға жасалып жатқан жағдайлары жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты – жасыл энергетика мен төмен көміртекті даму болды. Қазақстан жапон инвесторларын жаңартылатын энергия жобаларына қатысуға шақырып, климаттық және технологиялық бастамалар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін білдірді.
Сонымен қатар электр энергетикасын дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және тұтынушыларды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Кездесу соңында тараптар диалогты жалғастырып, энергетика саласындағы Қазақстан–Жапония әріптестігін одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.