Қазақстан мен Жапония өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтеді

317

Екі ел жалпы құны 940 млн доллар болатын 17 жобаны іске асыруда.  

Қазақстан мен Жапония өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтеді Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі телеграм

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жапонияның Keidanren бизнес федерациясының өкілдерімен кездесу өткізіп, екі ел арасындағы өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Келіссөзге Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото бастаған жапондық бизнес делегациясы қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысына ерекше назар аударылды. Сол сапарда қол қойылған 47 коммерциялық келісімнің тоғызы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тиесілі.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Жапония сирек кездесетін металдарды игеру, жабдықтар жеткізу және өндірісте озық технологияларды енгізу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жалпы құны шамамен 940 млн АҚШ долларын құрайтын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 10 жоба пайдалануға берілген.

"Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Кейінгі жылдары экономика, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастығымыз айтарлықтай нығайды. Қазіргі уақытта өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттары белсенді түрде пысықталуда. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", – деген Ерсайын Нағаспаев Keidanren федерациясының мүшелерін биылғы желтоқсан айында Астанада өтетін Қазақстан-Жапония бірлескен комиссиясының 9-шы отырысына қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысында тараптар өнеркәсіп, инвестиция және технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу