БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Global Methane Hub атқарушы директоры Марсело Мена метан шығарындыларын мониторингтеу және азайту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл құжат Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін орындап, Париж келісімінің мақсаттарына жетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Меморандум аясында мынадай негізгі бағыттар көзделген:
- метан жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу және іске асыру;
- метан мәселелері бойынша ұлттық офис құру;
- энергетика, ауыл шаруашылығы және коммуналдық сектордағы ірі шығарындыларды анықтау үшін спутниктік деректерді пайдалану;
- пилоттық жобалар мен тренингтер өткізу;
- өңірлік форум ұйымдастыру.
Келісімдерді іске асыруға Clean Air Task Force және Carbon Mapper сынды халықаралық ұйымдар тартылып, олар техникалық және әдістемелік қолдау көрсететін болады.