Қазақстан Ұлттық Банкі халық арасында монета өнімдерін кеңінен насихаттау үшін 2022 жылы "Қазақстан монеталары" мобильді қосымшасын қолданысқа енгізді.
"Мобильді қосымша циркуляциялық, коллекциялық және инвестициялық монеталардың электрондық каталогы түрінде әзірленді. Онда ҚҰБ шығарған барлық монетаға қатысты ақпарат топтастырылған. Қосымшада әр серия бойынша шығарылған монеталардың қысқаша сипаттамасымен тақырыптық бөлімдер қамтылып отыр. Кейбір жекелеген монеталар туралы видеороликтерге, монеталардың 3D-кескініне, сондай-ақ толықтырылған шынайылық элементтеріне сілтеме берілген", – деп хабарлады бас банк.
Мобильді қосымшада арнайы опция бар. Соның көмегімен пайдаланушы өзінің электрондық базасын жасай алады. Бұл – қолда бар монеталардың қағаздағы есебінің тиімді баламасы.
"Коллекциялық монеталар бұрынғыша ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылатынын атап өтеміз.
Мобильді қосымша Қазақстанның нумизматика тарихынан сыр шертіп, түрлі дәуірлер мен кезеңдердегі сәулет және мәдени ескерткіштермен, маңызды тарихи оқиғалармен, қазақ халқының көрнекті қайраткерлерімен, бай мәдениетімен және дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді. ҚҰБ коллекциялық монеталарды шығара отырып, Қазақстанды, тұмса табиғаттың сұлулығын, халқының дәстүрі мен бай тарихын таныстырады. Монета өндірісінің заманауи жетістіктері мен мамандардың кәсіби шеберлігін паш етеді", – деп хабарлады бас банк.
Мобильді қосымшаны PlayMarket пен AppStore дүкендерінен тегін жүктеуге болады.