Қазақстан Баян-Өлгейден жылқы мен қой сатып алуға ниет білдірген. Бірақ мәселе заңмен реттелмегендіктен, мүмкін болмай тұр. Бұл туралы Баян-Өлгейде өткен "Бизнес форум Өлгей - 2018" атты форум барысында "ЕТ-транзит" компаниясының директоры Талғат Әукетайұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баян-өлгейлік кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанның Жамбыл, Семей, Өскемен облыстарынан бірқатар компания мал сатып алу туралы ұсыныс жасаған. Бұндай ұсыныс Қырғызстан кәсіпкерлері тарапынан да түскен. Олар аталмыш жұмысты Моңғол елінің тиісті заңнамалық актілері аясында ұйымдастыруды қолдайды.
"Биылғы жылы Моңғол үкіметі Еуропа елдеріне, Азияға оның ішінде Вьетнам, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасына, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа ет шығаруға келісімшарт жасасқан. Аталмыш жоспарды жүзеге асыру барысында, Баян-Өлгей аймағы басты маңызға ие. Себебі, қазіргі жағдаймен қарағанда, Моңғолияның батыс аймақтары малдың жұқпалы індеттерінен ада. Бұл бір жағынан өңірдегі аз қазақтың тұрмыс жағдайын жақсарта түсуге сеп болар еді", - дейді Талғат Әукетайұлы.
Айта кетерлігі, Моңғолияда шетелге мал экспорттау заңмен реттелмеген. Моңғолия халқы Қытай мен Ресейге мал сатуға қарсы болды. Экспортталған жылқыға Қытай азаматтарының жасаған қиянаты төрт түлік малын қазына санайтын көшпенділердің жиреніш сезімін туғызып, сол кездегі вице-премьер, қазіргі үкімет басшысы Ухнаагийн Хүрэлсүх мал экспортына тыйым салған болатын.
Ал Талғат Әукетайұлы болса Қытай мен қазақ халқын салыстыруға келмейтінін айтып, мәселені заң жүзінде реттеу қажеттігін алға тартады.
"Қазақтар да көшпенді ел, малмен қалай қатынасуды және мал қадірін біледі. Сондықтан үкімет аталмыш шешімін Қазақстанға қарсы қолданбаса дейміз", - деді ол.
Айта кетерлігі, "ЕТ-транзит" компаниясы 2005 жылдан бері үздіксіз қызмет жүргізіп келе жатқан компания. Тәуілігіне 140-150 ірі қара, 400-500 ұсақ мал етін дайындап, 1 000 тоннаға дейін ет мұздата алады. 2018 жылдан бастап жылқы, қой етін Қырғызстанға шығара бастаған.
Еске сала кетсек, биылғы жылы Моңғолияда мал басы 66 млн-ға жуықтаған, соның ішінде Баян-Өлгейде 2 млн-нан астам мал бар.