XII Kazenergy Еуразиялық форумында энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан ОПЕК+ алдындағы міндеттемелерін орындаудан бас тартпайтынын мәлімдеді.
"Қазақстан өзінің міндеттемелерінен айнымайды. Әлемнің бірқатар мемлекеттері біздің мүмкіндігімізге күмәнмен қарайды. Олар қателеседі, біз міндеттімізді мінсіз атқарамыз. Мәміле аяқталғанға дейін әріптестерімізге кепілдік берген сөзімізде тұрамыз", – деді Қанат Бозымбаев.
Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айында ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді 1,2 млн баррельге қысқартуға келісті. Сол кезде Қазақстан өндіріс көлемін 40 мың баррельге азайта алатынын айтты.
"Мүмкіндігімізге қатысты айтар болсам, қысқамерзімді жоспарда ірі жобаларымызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бұл бірінші кезекте Теңізді кеңейту, Қарашығанақтағы мұнай өндіруді созу, Қашағанда мұнай өндіруді арттыру. Біз ОПЕК+ аясында өз міндеттемелерімізді орындайыз. Дегенмен ортамерзімді келешекте, 2023-2025 жылдары мұнай өндіру көлемін көбейтеміз", – деді министр.
Қанат Махамбет