Қазақстан мұнай өндіру көлеміне қатысты шешім қабылдады

Еліміз ОПЕК+ квотасына қарамастан, мұнай өндіруді қысқартпайды.

Қазақстан мұнай өндіру көлеміне қатысты шешім қабылдады Фото: Life09

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Интерфакске айтып берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, маусым айындағы мұнай өндіру көрсеткіштері әлі нақтыланбаған, дегенмен жыл соңына дейін өндіріс тұрақты деңгейде болмақ. 

Министр 2023 жылы ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел қабылдаған тәулігіне 2,2 млн баррель көлеміндегі шектеулердің қыркүйекте толық алынып тасталатыны туралы айтты. Дегенмен, бұл әзірге ресми расталған жоқ. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай өндірісін жеткілікті деңгейде қысқартпаған елдер үшін жасалған өтемдік қысқарту кестесі сол күйі қалатынын жеткізді. 

– Бізде өнім бөлісу келісімдері (ӨБК) бар. Онда негізгі шарттардың бірі – бизнесті, соның негізгісі мұнай өндірісін шектемеу, – деді министр.

2024 жылдың сәуіріндегі дерекке сәйкес, өндірісті жеткілікті қысқартпаған елдер қосымша тәулігіне 4,6 млн баррельге қысқартуы тиіс. Мысалы, Ирак – 2 млн, Қазақстан – 1,3 млн, Ресей 0,7 млн баррельге қысқарту міндетін алған. Бұл қосымша қысқартуларды 2026 жылдың шілдесіне дейін орындау керек. 

Осыған қарамастан, Қазақстан жыл басында Теңіз кен орнында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосқаннан соң артқан мұнай өндірісін қысқартпайтынын хабарлады. Қазір Қазақстан белгіленген квотадан тәулігіне шамамен 300-400 мың баррель артық өндіріп отыр. Жалпы, өндіріс көлемі қазір тәулігіне шамамен 1,8 млн баррельді құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу