Қазақстан балық аулаудан әлем чемпионатында 6-орын алды

1200

Қазақстан балық аулаудан әлем чемпионатында 6-орын алды

Қазақстан құрамасы мұз астынан жылтырауық қармақпен балық аулау бойынша әлем чемпионатында алтыншы орынға ие болды. Балықшылар екі кезеңде 41,150 килограмм балық аулады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі. 
Мұз астынан балық аулау бойынша әлем чемпионаты өткен демалыс күндері Самарқанд су қоймасында өтті. Оған 13 елден жиналған балықшылар қатысты, оның ішінде АҚШ, Латвия, Эстония, Белоруссия, Финляндия, Ресей, Норвегия және Швеция т.б. елдер бар. Әр командада бес қатысушы болды. 
Чемпионат ережесіне сай балықты үзіліссіз үш сағат бойы бірінші кезеңде және екінші кезеңде де тура сол уақыт бойы аулау керек болатын. Бірінші кезең қорытындысы бойынша Павлодарлық балықшы Ержан Уахитов үш сағатта 9,5 килограмм балық аулап, әлемдік рекорд орнатты. Алайда, екі тур нәтижесі бойынша ол өзі де, Қазақстан командасы да үздіктер үштігіне ене алмады. Біздің құрама 41,150 килограмм балық аулап, алтыншы орынды иеленді. 
Бірінші орынға 48,583 килограмм балық аулаған Ресей командасы шықты. Аулаған балықтарының жалпы салмағы 46,313 килограмды құраған Латвия командасы екінші орынды иеленді. Үздіктер үштігін 42,728 килограмм балық аулаған Литва балықшылары қорытындылады. 
Жеке есепте бірінші орын латвиялық балықшыға бұйырды, екінші орында Ресей өкілі, үшінші орында украиндық спортшы болды. Қазақстандықтар арасында жеке есеп бойынша 12-ші орынды иеленген Павел Незамутдинов ерекшеленді, оның аулаған балықтары 10,168 килограммды құрады. 
Қазақстан 2009-шы жылы тұщы суда балық аулау халықаралық федерациясының мүшелігіне енді. Қарағанды облысының өздінде-ақ бес мыңға жуық спортшы бар, олар федерацияның қорғауымен түрлі сайыстарға қатысады. 
Өткен жылы мұз астынан жылтырауық қармаққа балық аулау әлем чемпионаты Латвияда өткен болатын. Ол кезде Қазақстан командасы 7-ші орынды иеленген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу