Қазақстан Мьянма үкіметін елдегі рохинджа-мұсылмандарының жағдайына байланысты проблемалардың түбегейлі себептерін жоюға барлық күш-жігерін жұмсауға шақырады. Бұл туралы Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Мьянмадағы ахуал бойынша өткен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш және БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің ізгі ниетті елшісі, актриса Кейт Бланшетт Мьянмадағы рохинджа-мұсылмандарының жағдайы туралы баяндамаларын жасады.
Қазақстан елшісі дәл осыдан бір жыл бұрын Мьянмадан Бангладешке 700 мыңнан астам рохинджа-мұсылмандары қашқан кезде халықаралық қоғамдастық ең ірі гуманитарлық апаттардың біріне куә болғанын атап өтті.
"Ең таңқаларлығы–рохинджа-босқындардың 60 пайызы үйлерінен кетуге мәжбүр болған және біз сәуір айында Бангладеште босқындар лагерлерінде өте қиын жағдайға тап болып отырған балаларды көрдік", - деді Қайрат Омаров.
Қазақстан БҰҰ және барлық гуманитарлық әріптестердің рохинджа-босқындарға азық-түлік, баспана, дәрі-дәрмектер, су және басқа да көмек көрсету құралдарын ұсынуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайды.
Биылғы жылдың сәуір айында Қазақстан үкіметі Бангладештегі Кокс-Базар қаласының маңында орналасқан рохинджа-босқындарға 500 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетіп, оны олар тұратын жерлерге жеткізді.
Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері рохинджа-босқындардың проблемаларын Мьянмадағы бұрынғы тұрғылықты жерлерге қауіпсіз, қайырымды және өз еркімен оралуы үшін тез арада шешу қажеттігі туралы бірауызды болды.