Қазақстан Мьянмадағы қақтығысқа көз жұма қарамайды - Қайрат Әбдірахманов

1046

Қазақстан Мьянмадағы қақтығысқа көз жұма қарамайды - Қайрат Әбдірахманов

Еліміз Мьянмадағы мұсылмандардың жағдайына алаңдаулы. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан бұл мәселеге көз жұма қарамайтынын айтты. Ал саясаткерлердің ойынша, ғасырларға жалғасқан Рохинджа мұсылмандарының мәселесіне нүкте қою оңайға соқпайды, деп хабарлайды almaty.tv.  

Мьянмадағы жағдай әлі де ушығып тұр. Соңғы бір аптаның өзінде 400-ден аса адам қайтыс болған. Оның барлығы дерлік рохинджа мұсылмандары. Тірі қалғандары болса, бас сауғалап, көрші Бангладеш еліне қашуда. Бейресми деректер бойынша, 5 күнде 27 мың адам шекара асыпты. Саясаткерлер бұл жағдайды діни емес, саяси-экономикалық мәселемен байланыстырады. Өйткені Мьянма үкіметі рохинджа мұсылмандарын әлі күнге дейін Бангладештен қоныс аударған мигранттар деп есептейді.  

"Мьянма Үкіметі ауысып отырса да, Рохинджа мұсылмандарының құқығы ешқашан қорғалған емес. Оларға тіпті азаматтық та берілмеген, сол себепті әлеуметтік қорғалмаған. Бұл теңсіздік халықты ашындырып, жылдар бойы қордаланып осындай жағдай орын алады", - деді ҚЗСИ директоры орынбасары Санат Көшкімбаев.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та бұл пікірмен келіседі. Ракхайн штатындағы орын алған мәселені шешуге Қазақстан да білек сыбана кіріспек. Еліміз Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі мүшесі ретінде айтулы оқиғаға қатысты жабық кеңестерге қатысып, өз наразылығын білдіріпті. Халықаралық ұйымдармен бірлесіп Мьянма Үкіметін қарым-қатынас жасап, тығыз пікір алмасуға шақыруда.

"Сол кеңестің шеңберінде Мьянма Үкіметіне бірнеше кеңес беріліп отыр. Соның ішінде Мьянмада қалыптасып отырған саяси-экономикалық жағдайды тұрақтылық деңгейге көтеру", - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Жалпы Мьянма халқының 88 пайызы будда дінінде, мұсылмандар бар болғаны 4,3 пайызды ғана құрайды. Ал Ракхайн штатында жағдай өзгеше - мұсылмандар саны 50 пайызға жетеді.

Айта кетейік, Ракхайнда мұндай қақтығыстар жиі орын алады. Ал 25 тамыздағы ылаңды жергілікті Үкімет роханджалықтардан көріп, терроризмге балауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу