ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған делегацияны еліміздің 13 өңірінен барған 60-тан астам қазақстандық компания, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері таныстырды. Форумға Мысыр тарапынан іскерлік қоғамдастықтың 200-ден астам өкілі, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Тарик әл-Уасими, Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы Халед Фуда, Мысыр сауда палаталары федерациясының басшысы Ибрахим әл-Араби қатысты.
Еске сала кетсек, 2019 жылғы 6 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы өтті, оған екі елдің 100-ден астам бизнес өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, қос тарап екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың деңгейін одан әрі арттыру үшін өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты арттыруға ниетті.
"Қазақстан Мысырды Африканың "қақпасы" ретінде қарастыра отырып, екіжақты іскерлік кеңес пен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның көмегімен экспортты ары қарай ілгерілетуге дайын. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Мысыр арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қою қазақстандық өнім экспортын ұлғайтуға қосымша серпін береді, бұл халқы 100 миллион адамнан асатын Мысыр нарығына жол ашады", – деп атап өтті Қайрат Лама Шариф.
Форумдағы баяндамашылардың пікірінше, өнімнің қымбаттауы және екі ел арасындағы сауда қарқынының біршама баяулауы мемлекеттердің географиялық алыстығына да байланысты. Алайда, Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев атап өткендей, осыған қарамастан, Қазақстан тарапы екіжақты тауар айналымын 4 есеге жуық ұлғайтуға мүмкіндікті көріп тұр.
"Бұл тұрғыда отандық компаниялар 300 миллион АҚШ долларына жуық сомаға сапалы тауарлар ұсына алады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мысырлық компаниялар өздерінің экспортқа бағдарланған өндірістерін Қазақстанда орналастыра алады. Бұл бағыт үшін мұндай жобаларды жеңілдікпен кредиттеу, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, тауарларды тасымалдауға және сервистік қолдауға арналған шығындарды өтеу көзделген. Бұдан басқа, жақын арада Қазақстан отандық өнімді шетелдік сатып алушылар үшін пайыздық мөлшерлемені CIRR деңгейінде субсидиялайтын болады. Басқаша айтқанда, бұл көрсеткіш ай сайын негізде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының хатшылығы белгілейтін пайыздық мөлшерлеме бойынша саналады", – деп атап өтті вице-министр.
Осы бағыттағы жұмысты жандандыру Мысыр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алдағы алғашқы ресми сапарымен және екі ел арасында кезекті саяси және консулдық консультациялар өткізумен байланысты. Бұл туралы өз сөзінде Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары Т. әл-Уасими айтты.
Іс-шара барысында "Қазақстанда жасалған" әмбебап көрмесі ұйымдастырылды, онда қонақтардың назарына отандық өндірушілердің, оның ішінде Африка құрлығына экспорттайтын компаниялардың өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар, отандық және мысырлық компаниялар арасында екіжақты бизнесаралық (В2В) келіссөздер жүргізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар экономикалық құжаттарға қол қойылды. Осылайша, қазақстандық компаниялар Мысыр нарығына 3 миллионға дейін ұлғайту перспективасымен 1 миллион дана көлемінде бөтелкедегі суды жеткізу, қазақстандық кәсіпорын негізінде фармацевтикалық дәрі-дәрмектерді шығару, сондай-ақ Қазақстан аумағында мыс кен орнын сатып алу туралы уағдаласты.
Аталған форум мысырлық кәсіпкерлердің шикізаттық емес сектордың қазақстандық тауарларына қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етіп, отандық тауар өндірушілер мен әлеуетті мысырлық сатып алушылар мен инвесторлар арасында тікелей байланыстарды жолға қоюды, өнімнің сапалық және бағалық көрсеткіштері бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз етті. Екі ел арасында тұрақты сауда миссиялары мен кездесулерді өткізу туралы шешім қабылданды.