Олжас Бектенов Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен тауар айналымын арттыру бойынша бірлескен жұмыс нәтижелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметі.
Олжас Бектенов екі мемлекет басшыларының алға қойған міндеттеріне қол жеткізудегі сындарлы жұмыстарды атап өтті. Соңғы жылдары екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру тауар айналымын арттыруға, экспортты кеңейтуге және инвестиция тартуға ықпал етеді. Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып қала береді. Транскаспий мультимодальды дәлізі бойынша тасымалданатын жүк ағынын арттыру ынтымақтастық әлеуетін ашудың келешегі зор құралы болмақ.
Өз кезегінде Чжан Сяо жыл басынан бері елдер арасындағы тауар айналымы 12%-ға өсіп, $36,5 млрд-ты құрағанын хабарлады. Сондай-ақ, Қытай елшісі Қазақстан нарығына ірі қытай инвесторларының қызығушылығы артып отырғанын айтты, бұл қолайлы бизнес-климатты көрсетеді.