Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрлігінің брифингінде вице-министр Әлібек Жамауов ресми түрде мәлімдеді.
"Қазақстан наурыз айында өндірісті оңтайландыруды көздеп отыр. Өндіріс қажетті деңгейге дейін, мұнай экспорттаушы елдер ұйымына міндеттемелерімізге дейін төмендейді", – деді ол.
Бұл ретте вице-министр Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 70%-ы Каспий құбыр консорциумының қуаттары арқылы экспортқа айдалатындықтан, қысқарту КҚК көлеміне де әсер ететінін түсіндірді.
"Біздің елде экспорттың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Сәйкесінше, сол жерде көлем азаяды. Бұл наурызда болады. Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндірісін қысқартады", – деп түсіндірді Әлібек Жамауов.
Қазақстан қаңтар айында ОПЕК+ міндеттемелерінде белгіленген мұнай өндіру шегі тәулігіне 135 мың баррельге асып кеткені белгілі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев түсіндіргендей, бұл Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын сынақтан өткізуге байланысты орын алған.