Қазақстан-Нидерланд қарым-қатынасына ширек ғасыр толды

1049

Қазақстан-Нидерланд қарым-қатынасына ширек ғасыр толды

Қазақстан мен Нидерланд айтулы оқиға – дипломатиялық қатынастар орнауының 25 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ширек ғасыр бойы қазақстандық-нидерландтық қарым-қатынастар дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізді, Астана мен Гаага арасында қарқынды және сенімді саяси диалог сақталуда, сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстар белсенді кеңеюде.

ҚР президенті Н.Назарбаевтың 2014 ж. наурыздағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммитіне қатысу шеңберінде Гаага қаласына ресми сапары, сонымен қатар Нидерланд Премьер-министрі М.Рюттенің 2015 ж. желтоқсандағы Астанаға ресми сапары көпжақты диалогтың кеңеюіне елеулі серпін берді.

Екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға парламенттік дипломатия өз үлесін қосуда. 2012 жылғы қыркүйекте Нидерланд парламенті сенатының президенті Р.ван дер Линденнің Қазақстанға сапары, 2015 жылғы мамырда ҚР парламенті мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың Нидерланд корольдігіне жұмыс сапары өтті.

2018 жылы Қазақстан мен Нидерланд БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері бойынша тығыз өзара бірлесіп іс-қимыл жасасу, сондай-ақ екі елдің халықаралық бастамаларын алға жылжытуда өзара қолдау көрсетуге ниеттенуде.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық Нидерланд Корольдігімен екіжақты қарым-қатынастар кешенінің негізі болып табылады. Нидерланд – Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция көлемі бойынша әлемдегі "нөмірі бірінші" инвестор және сыртқы сауда айналымы көлемі бойынша Еуропалық Одақтағы Қазақстанның екінші әріптесі болып табылады.

Қазақстан экономикасында голландиялықтардың қатысуымен 900-ден астам компания бар, олардың көпшілігі мұнай және газ, геологиялық барлау, аэроғарыштық, ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын жеткізу, фармацевтика мен медицина, халық тұтынатын тауарлар өндірісі саласында белсенді жұмыс істеуде.

Тараптар "жасыл технологиялар" саласындағы ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай қызығушылық танытып отыр, бұл Нидерландтың "Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне қатысуымен айқын көрінеді.

Қазақстан мен Нидерланд өзара тиімді стратегиялық әріптестікке бағытталған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу