Нигерия астанасы Абуджада йоруба халқының Иле-Ифедегі королі Оба Адейейе Энитан Огунвусидің төрағалығымен Қазақстан-Нигерия бизнес-конференциясы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Конференцияда екі ел азаматтары мен дипломаттары үшін визалық режимді жеңілдету, сондай-ақ елдер арасындағы тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігі қарастырылды. Бұл сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
"Цифрландыру мен инновацияларға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Нигерия ақпараттық технологиялар, деректер орталықтарын салу және финтех шешімдерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты қарастыруда. Кездесу барысында қаржылық операциялардың тиімділігін арттыру, адами капиталды нығайту және бизнес-процестерді оңтайландыру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті дамыту мәселелері көтерілді", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар тараптар жер қойнауын пайдалану саласындағы серіктестік пен Қазақстан өнімдерін Нигерияға және Африка нарығына экспорттау мүмкіндіктерін талқылады.
Агроөнеркәсіптік сектордағы әріптестік маңызды бағыттардың бірі болды. Қазақстан астық және майлы дақылдарды экспорттау мүмкіндігін қарастырып, ауыл шаруашылығында озық технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін зор әлеует бар екенін жеткізді. Алдағы күндері Нигерия министрліктері мен ірі компанияларының өкілдерімен қосымша кездесулер, сондай-ақ Абуджада өтетін энергетикалық форум аясында талқылаулар жоспарланған.