Қазақстан Нолливудта кино түсіруде

814

"Адам бол!" фильмі - Нолливуд компаниясымен бірегей ынтымақтастықтың нәтижесі.

Қазақстан Нолливудта кино түсіруде Фото: fonoteka

Бүгінде Нолливуд киноиндустриясы 5,1 миллиард долларға бағаланып, Америка Құрама Штаттары мен Үндістаннан кейін үшінші орында тұр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Жаңа фильм - екі компанияның ортақ туындысы. Оны жүзеге асыруға Нолливудтың продюсерлері, режиссерлері, сценаристері мен операторлары атсалысуда. Фильм Қазақстанда ғана емес, Нигерияда, сонымен қатар бүкіл Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформалары арқылы прокатқа шығады.

"Жарты жылдан астам уақыт қызу дайындық жұмыстары жүрді. Бірігіп сценарий жаздық. Біз жазған сценарийді олар алып түзету жұмыстарын жасады, оны біз ары қарай толықтыру жұмыстарын жасадық. Енді міне бірлескен бір фильм жасауға кірістік",- дейді режиссер Алмас Әлімжанов.

"Осыдан 6-7 ай бұрын қазақстандық әріптестеріммен алғашқы кездесуім мені осы кәсіби сапарға дайындады. Бізде екі тілде сөйлейтін екі режиссер, Мысырдан келген оператор бар, бұл шын мәнінде көп мәдениетті жоба және ол көп уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді", - дейді режиссер Чета Чуку (Нигерия).

Фильм сюжеті кездейсоқ Африкаға барған үш жігіттің төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкерлер көптеген сынақтардан өтіп, өмірлік құндылықтарды қайта бағамдайды. Тіпті, қылмыс әлемі өкілдерінің өзгеруіне ықпал етеді.

"Түсірілім алаңында режиссердің көзқарасын түсіну маңызды. Алғашында тілдік кедергі бар, қалай болар екен деп алаңдағаным рас. Алайда, бұл қиындықтар шығармашылық адамын алға жетелейтініне көзім жетті. Мықты киножұлдыздардың басын қосқан жоба ерекше болатынына сенімдімін", - дейді актер, атқарушы продюсер Чимези Имо.

Фильмге қазақстандық Рауан Романи, Рысқұл Қонақбаев, сонымен қатар Африканың танымал актерлары Самуэль, Чарльз Окоча, Эбеле Окаро түсуде. Жаңа туынды наурыз айының соңында көрермен назарына ұсынылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу