Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандықтар тағы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Бұл жолы Александра Сәдуақасова алтынға қол жеткізсе, Зухара Ерназарова күмісті қанағат тұтты.
Ауыспалы ритммен 10 метрден жылжымалы нысана көздеуде Зухра мен Александра финалда негізгі кезеңде 378 ұпаймен тең түсті. Қосымша сында Александра мергендік танытып (19:13), чемпион атанды. Кеше Зухра жеңімпаз болса, Александра екінші орыннан көрінген еді.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы нысана көздеуден әлем біріншілігінде 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте 9-орынға көтерілді.