Қазақстан өлім жазасын алып тастауға бұрынғыдан да жақындай түсті – халықаралық комиссия

844

Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия (ӨЖХК) Қазақстанның өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялауын құптайды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан өлім жазасын алып тастауға бұрынғыдан да жақындай түсті – халықаралық комиссия

ӨЖХК президенті Нави Пиллэй Қазақстанның Орталық Азияны өлім жазасынан ада аймақ болуға жақындататын маңызды қадам жасағанын айтады.

"Бұл – ерекше шешім, өйткені ел – ӨЖХК қолдау тобының маңызды мүшесі. Қазақстанның осы тарихи шешімінің арқасында бүкіл әлем өлім жазасын алып тастауға бұрынғыдан да жақындай түсті", – дейді Н. Пиллэй.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санайтынын жеткізген болатын. Комиссия Мемлекет басшысының бұл ұсынысын оң бағалады.

"Мұндай конституциялық түзету Қазақстанда өлім жазасының күшін жоюды одан әрі нығайтатыны және бүгінде әлемде орны жоқ осы қатыгез, адамгершілікке жатпайтын жазаға нүкте қоятынын" айтады.

Айта кетсек, Қазақстан – ӨЖХК қолдау тобының негізін қалаушылардың бірі. Комиссия жұмысын өлім жазасының күшін жоюды жақтаушы 23 мүше-мемлекеттен тұратын географиялық әр түрлі топ қолдайды. Хатшылығы Мадридте орналасқан.

Сонымен қатар Қазақстанда өлім жазасы Конституциядан алынып тасталады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу