Байқауға қатысушылардың жұмысты жіберуге қосымша уақыт сұрауына байланысты осындай шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның ҰОК 21 сәуірде "Team KZ" графикалық имидж-логотипі мен шрифтін әзірлеуге арналған байқау басталғанын жариялады. Байқауға кез келген үміткер қатыса алады.
Айта кетерлігі, жеңімпазды анықтау үш кезеңнен тұрады. Байқау жұмыстарының алғашқы іріктеуін ҰОК комиссиясы өткізеді, оның құрамына Олимпиадалық комитеттің қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар өкілдері мен дизайнер кіреді. Екінші кезең Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы жүргізіледі. Онда жанкүйерлер үздік жұмыстардың қысқа тізімін анықтауға көмектеседі. Үшінші кезеңде іріктелген байқау жұмыстары Қазақстанның ұлттық командаларының спортшыларына және олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияларға жіберілетін болады. Әр команда мен федерациядан бір дауыс есептеледі. Көп дауыс жинаған жұмыс байқау жеңімпазы атанады.
Қазақстан ҰОК атап өткендей, Қазақстан Олимпиадашыларының символын таңдауға мұндай көп адамның жұмылдырылуы кездейсоқтық емес. Өйткені "Team KZ" әрдайым бірлігі жарасқан бір команда ретінде таныстырылады. Спортшылар, жаттықтырушылар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялар мен жанкүйерлер бір командаға кіреді.
Тағы бір мақсат - жасампаз жастарды, дизайнерлер мен суретшілерді қолдау. Жазғы Олимпиада ойындары биыл, ал қысқы Олимпиада ойындары келесі жылдың басында өтетіндігін ескерсек, жарыстың маңызы арта түседі. Сондықтан, Ұлттық Олимпиадалық комитеті барлық шығармашылық адамдарды, сондай-ақ Қазақстанның олимпиадалық командасының жанкүйерлерін белсенді қатысуға және ел олимпиадасының символын жасауға үлес қосуға шақырады.
Нәтижелер Olympic.kz сайтында жарияланады. Бірінші орын алған байқау жұмысының авторына 700 мың теңге табысталады. Сондай-ақ 150 мың теңгенің екі ынталандыру сыйлығы бар.
Қатысушылар үшін - Байқау туралы ережені Қазақстан ҰОК сайтында Конкурстың арнайы бөлімінен табуға болады.