2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан өңделген сиыр етінің экспортын 1,4 есеге арттырып, 22 мың тоннадан астам, ал қой етінің экспортын 2,2 есеге ұлғайтып, 18 мың тоннаға жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл көрсеткіштер тірі малға шаққанда – 122 мың ірі қара және 1 миллион ұсақ мал басына тең. Салыстыру үшін, 2024 жылы тірі мал экспорты 92 мың ірі қара мен 47 мың ұсақ мал басын құрады. Бұл – ел ішінде қайта өңдеу көлемінің және қосылған құнның артқанын дәлелдейді.
Сату нарықтарын әртараптандыруға бағытталған жүйелі жұмыстар аясында, 2024 жылдан бастап қазақстандық өндірушілер Тәжікстан, Қытай, Грузия, Сирия және Иордания сияқты жаңа шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл фактор ет өнімдері экспорты көлемінің өсуіне елеулі ықпал етті.
2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан 8,4 мың тонна сиыр етін (яғни 47 мың басқа тең) және 6,7 мың тонна қой етін (372 мың басқа тең) экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артық.
Мал шаруашылығын одан әрі дамыту және экспортты тұрақты арттыру мақсатында елде мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары іске қосылуда. Атап айтқанда:
ІҚМ және ҰММ-ның асыл тұқымды малын сатып алуға жылдық 5% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске асырылуда;
Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын, көктемгі егіс жұмыстарының шарттарына ұқсас, 50 млрд теңгелік айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламасы қолжетімді.
Жыл сайынғы ет өнімдері экспортының көлемін 50 мың тоннаға дейін жеткізу мақсатында, Қазақстанда австралиялық тәжірибені енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында жалпы құны 29,3 млрд теңге болатын, өндірістің толық технологиялық циклын қамтитын 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.