Қазақстан Оңтүстік Кореяға табиғи уран жеткізуді қайта бастайды. Бұл туралы "Орталық Азия – Корея Республикасы" 16-ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
"Кейінгі бірнеше жылда біздің сауда-экономикалық байланыстарымызда оң үрдіс байқалады. Орталық Азияның Оңтүстік Кореямен сауда-саттық көлемі 2022 жылы шамамен 8 млрд долларды құрады. Осы тауар айналымының 70 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Оңтүстік Корея тұрақты түрде біздің экономикамыздағы ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді", - деді Мұрат Нұртілеу.
Қазақстан Сыртқы істер министрі бүгінде елімізде автомобиль жасау, жаңа озық технологиялар мен білім беру, энергетика, медицина сынды салаларда 2 млрд доллар сомасына 30-ға жуық ауқымды инвестициялық жоба бар екенін атап өтті. Сонымен қатар көмірсутек шикізатын жеткізу саласында да үлкен перспективалар барын тілге тиек етті.
Оның дерегінше, өткен жылы Оңтүстік Кореяға қазақстандық мұнай жеткізілімі көлемі 2 есе өсті. Биыл 8 айда бұл көрсеткіш 4,6 млн тоннаға дейін артты.
"Бұған қоса, келешекте Қазақстан Оңтүстік Кореяға табиғи уранды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді жобаны қайта бастайды. Сонымен қатар біз Оңтүстік Кореяға мұнай химиясы, металлургия, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайынбыз. Өңірдегі көршілеріміздің де өз резервтері бар екеніне сенімдімін. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, форумның келесі отырысының күн тәртібіне энергетика, ауыл шаруашылығы және сирек металдар сияқты басым бағыттарды енгізуді ұсынамын", - деп түйіндеді сөзін Мұрат Нұртілеу.