2022 жылғы 1 желтоқсан – ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысы шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді С5+1 форматындағы "Орталық Азия және Германия Федеративтік Республикасы" Министрлік кездесуіне қатысты.
Кездесудің күн тәртібіне Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық, Ауғанстандағы қауіпсіздік, климаттың өзгеруінің аймақ экономикасына әсері және т.б. мәселелері кірді. Орталық Азия мен Еуропа елдерінің өзара байланысына, атап айтқанда, өңіраралық сауда мен көлік инфрақұрылымын дамытудағы, оның ішінде Еуропалық Одақтың "Global Gateway" бағдарламасының көмегімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде транзит-көліктік саладағы ынтымақтастық мәселесі әлемдегі бұрын-соңды болмаған соңғы геосаяси өзгерістер мен жеткізу тізбегінің бұзылуы аясында ерекше өзекті болып отырғанын атап өтті.
"Қазақстан Орталық Азия мен Еуропа арасында, оның ішінде Германиямен өзара үлкен байланыс орнатуға мүдделі. Біз қатысушыларды Орталық Азияның Мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құру бастамасына қосылуға шақырамыз", - деді Мұхтар Тілеуберді.
Тараптар баламалы маршруттарды, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға өзара мүдделіліктің жоғары деңгейін растады.
Сонымен қатар, СІМК аясында М.Тілеуберді Аустрия, Канада, Кипр, Норвегия, Португалия, Словения, Ұлыбритания, Швеция, Эстония, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Екіжақты келіссөздер барысында аталған елдермен және ұйымдармен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты күн тәртібінің басым мәселелері талқыланды.