Баку қаласында өтіп жатқан BEW 2026 Халықаралық энергетикалық форумы аясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) жаңартылатын энергия көздерін Орталық Азия елдерінде жедел енгізуге арналған дөңгелек үстелінде сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өз сөзінде министр Қазақстанның мемлекеттік энергетикалық саясатының стратегиялық басымдығы ретінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, "жасыл" генерацияны дамыту және энергетикалық қауіпсіздікті нығайту арасындағы теңгерімді атап өтті.
Париж келісімі шеңберінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын қойды. Бүгінде елдегі ЖЭК үлесі жалпы электр энергиясы өндірісінің 7%-ына жетті, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл мақсаттарға жету үшін Энергетика министрлігі ЖЭК жобаларын іріктеудің ашық аукциондық тетігін жалғастырады және стратегиялық инвесторлардың қатысуымен ірі жобаларды іске асыруды қамтамасыз етеді.
IRENA ұсынған APRECA бастамасына ерекше назар аударылды. Қазақстан бұл жобаны Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға қосымша платформа ретінде қарастырады, алайда кез келген энергетикалық ауысым тетіктері мемлекеттердің ұлттық басымдықтарын ескере отырып енгізілуі тиіс екенін атап өтті.
ЖЭК-ті тұрақты интеграциялаудың негізгі шарттары ретінде қазақстандық тарап энергияны жинақтау жүйелерін дамыту, дәстүрлі электр желілерін жаңғырту, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу және мемлекетаралық байланыстардың икемділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның IRENA және өңірлік серіктестермен технологиялық шешімдерді бірлесіп талқылауға, Орталық Азияның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған прагматикалық диалогқа ашық екенін түйіндеді.
Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов "Тұрақты және әртараптандырылған энергетикалық болашақ үшін халықаралық ынтымақтастық" тақырыбындағы министрлік пленарлық сессияға қатысып, онда халықаралық әріптестікті нығайту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды.