Қазақстан Орталық Еуропаға жүк тасымалын арттыруға ниетті

981

Меморандум ел аумағы арқылы Еуропа елдеріне жүк тасымалын арттыруды көздейді.   

Қазақстан Орталық Еуропаға жүк тасымалын арттыруға ниетті

"Орталық-Еуропалық логистика және Celiz өнеркәсіптік аймағы" жобасының өкілдері мен "KTZ Express" АҚ арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қос тарап алдағы жылдары Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы айтарлықтай өсуі мүмкін деген пікірде. Бұл Еуропаға жеткізілетін Қытай тауарларын тасымалдау көлемін және теміржол магистралінің түйіскен жерінде жүкті 
ауыстырып тиеу инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді. Осыған байланысты транзиттік тасымалды қамтамасыз етудің жаңа бағыты ретінде Венгрияның Захонь қаласы таңдалып отыр.

Тараптар Венгрия арқылы Орталық Еуропаға транзиттік тасымалы артса, бұл Қазақстан мен Мажарстан арасындағы іскерлік қарым-қатынастың нығая түсіне жол ашады деген пікірде. 

Сондай-ақ "KTZ Express" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Игембаев Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін барлық бағыт бойынша жүк көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Биыл 9 айда транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 795 мыңнан аса жиырма футтық эквивалент (ЖФЭ) болды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28%-ға көп. Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік маршруттар жоғары сұранысқа ие", – деді басшы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жүк тасымалы көлемін арттыру үшін Ресей, Балтық елдеріндегі порттар және Транскаспий көлік бағыты арқылы Қытай мен Еуропалық Одақ арасында қосымша бағыттарды дамыту көзделіп отыр.

"Сондай-ақ жаңа жобалар да бар. Мысалы, отандық бидайды Түркияға, көмірді Қытайға жеткізу. Аталған өнімдер бұл елдерге Open top контейнерлері арқылы, ал Таяу Шығыс, Африка, Орталық Еуропа елдеріне әмбебап контейнерлер арқылы жеткізу жоспарда бар", – деді Нұрлан Игембаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу