Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында 1 млрд. доллардың келісімшартына қол қойылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен өтіп жатқан екіжақты кездесу барысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз келіссөздерді кеше бастап кетіп, көлік пен сауда үшін өзара шекараларды ашу бағытында атқарылған жұмыстарды айттық. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы сауданың күрт өсуіне түрткі болды, өнімнің жаңа түрлері жеткізіле бастады", – деді елбасы.
Сонымен қатар Қазақстан президенті бүгін екі елдің арасында үлкен форум өтіп, оған екі тараптан 500 бизнесмен қатысатындығын атап өтті.
"Маған айтуларынша, шамамен 1 млрд. доллардың 75 келісімшартына қол қойылады. Бұл осы жылдар ішіндегі біздің тарихымызда алғаш рет орын алатын оқиға", – деді мемлекет басшысы.
Елбасы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың негізін Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовпен бірге қалағандығын баса айта келе: "Сізбен бауырлас, таяу ел, тату көрші ретінде бір-бірімізге көмек бере отырып, екі халықтың ынтымағын одан ары нығайтып, сол дәстүрді жалғастыратын боламыз", – деді.