Қазақстан – Өзбекстан шекарасында "Орталық азия" халықаралық орталығы ашылады

935

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды инбизнес кз Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтемемен.

Қазақстан – Өзбекстан шекарасында "Орталық азия" халықаралық орталығы ашылады

Мақтаарал ауданын көрші елмен байланыстырып тұрған үш шекара өткізу бекеті жұмыс істейді. Атап айтқанда, "Атамекен" кедендік бекеті мен "Сырдария", "Целинный" шекара өткізу бекеттері арқылы күніне жүздеген жеңіл көліктер мен жүк көліктері барыс-келіс жасауда. Мақтаарал ауданы Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облыстарындағы 4 ауданмен шектеседі. Осындай географиялық мүмкіндікті пайдаланып ауданда Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешенін құру өте маңызды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы "Орталық Азия" халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру туралы тапсырма берген болатын.  Биылғы жылдың 26 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейітілген отырысында Үкімет басшысына "Орталық Азия" халықаралық сауда экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Осыған байланысты ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, шекара маңындағы бекеттердің жұмысымен танысты. Министрдің іссапарына Өзбекстан Республикасының осы салаға жауапты вице-министрлері де қосылды. 

Министр мен басқарма басшысы "Целинный" және "Сырдария" шекара өткізу бекеттерін арнайы барып көріп, халықаралық сауда орталығын құру үшін нысандардың мүмкіндіктерін қарап шықты. Аудан әкімі Бақыт Асанов бекеттердің жұмысы мен мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады. Мәселен, "Целинный" шекара өткізу бекетіне жақын маңда "Сапар" сауда базарын халықаралық деңгейде дамытуға болатынын айтты.

"Мақтаарал ауданында Ұлы жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 "Ташкент – Термез" бағытындағы магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндігіміз зор. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен бетонканың бойындағы "Сапар" базарын халықаралық деңгейде қайтадан дамытсақ – өңірде мыңдаған адамды жұмыспен қамти аламыз",  – деді Бақыт Асанов.

"Сапар" базарында модернизациялау жұмыстары 2019 жылы жүргізілген. Ол үшін базар иесінің жеке есебінен 100 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалған. Нәтижесінде ұтынушыларға жағдай жасалып, қосымша 100 адам жұмыспен қамтылды.

Министрдің соңғы аялдағаны – "Атамекен" кедендік бекеті. Бұған дейін көрші елге өтпекші болған жүк көліктері кедендік бекет маңында кептеліске ұшырап, жол қатынасын қиындата түскен еді. Мәселені шешу үшін кедендік бекеттің аймағын көріктендіру, көгалдандыру, кеңейту жоспары жасалды. Атап айтқанда, шекара маңынан сауда логистикалық орталығын құру, оның ішінде сауда базарлары, қонақ үй, автотұрақ, қоймалар, тұрғын үйлер мен түрлі спорттық алаңшаларды салу көзделген болатын. Қазіргі таңда автотұрақ пайдалануға берілген. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің есебінен басқа да нысандар салынуда.

Министр Бақыт Сұлтанов "Орталық Азия" халықаралық сауда орталығын құру үшін таңдалатын бекет туралы жан-жақты зерттеліп, жоспар құрылып, шешім шығарылатынын айтты. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу