Қазақстан Өзбекстанға тікұшақ экспорттамақ

690

Қазақстан Өзбекстанға тікұшақ экспорттамақ

Қазақстан "Eurocopter Казахстан инжиниринг" зауытында құрастырылатын тікұшақты Өзбекстанға жеткізуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Француз үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды abctv.kz.

Үкіметаралық комиссия отырысында сауда мен инвестиция, энергетика, соның ішінде жаңартылған энергия көздері, ғарыштық қызмет, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және тағы басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Жеңіс Қасымбек өз сөзінде Францияның мамандандырылған "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне қатысуы екі елдің өзара іс-қимылының жоғары деңгейде екенін және жаһандық тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұстанымдарының бір екенін айғақтайды, деп атап өтті.

"Қуатты экономикалық әлеуетке ие Франция Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымның өсім динамикасы қарқынды. 2017 жылдың 6 айында Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналым 1,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,9%-ға жоғары", - деді Жеңіс Қасымбек.

Франция Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде 5-ші орынды иеленеді. Сонымен қатар, Франция Қазақстанға инвестиция салу деңгейі бойынша да 5-ші орында. Бұл ел соңғы 12 жылда Қазақстанға 13,6 млрд доллар инвестиция салған.

"Біз келер аптада Өзбекстанға іс сапармен баруды жоспарлап отырмыз. Келіссөздер жүргізуде қазақстанда шығарылатын "Еурокоптер" тікұшақтарын Өзбекстанға экспорттауға мүмкіндік алу туралы да сөз болады", - деді Жеңіс Қасымбек отырысты қорытындылай келе журналистерге.

Бұдан дейін қазақ-француз компаниясы Қырғызстан мен Әзербайжанға ұшақ эксорттауға ниетті екенін хабарлаған еді.

"Eurocopter Казахстан инжиниринг" ЖШС біріккен кәсіпорыны Қазақстан республикасында тікұшақ жинау жобасы паритетті негізде жүзеге асырылу үшін ҚР президенті тапсырмасымен 2011 жылғы сәуір айында құрылған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу