Қазақстан Өзбекстанмен қоршаған ортаны қорғау аясындағы ынтымақтастығын кеңейтеді

182

Екі мемлекет бірлескен жұмыс тобын құрады. 

Қазақстан Өзбекстанмен қоршаған ортаны қорғау аясындағы ынтымақтастығын кеңейтеді Фото: president.uz

Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қарастырылып отырған келісім Өзбекстан Республикасымен бұрынғы 1997 жылғы жасалған келісімді өзектендіруге, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған. Жаңа келісімнің бұрынғы келісімнен айырмашылығы – мұнда бірқатар жаңа бағыттар көзделген. Атап айтқанда, қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау және оларды жою мәселелері бойынша мемлекеттік бақылауды жүргізу.  Қазақстан аумағында қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау қоршаған ортаны қорғау саласындағы  уәкілетті органының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Егер мемлекет Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болмаса, қауіпті қалдықтарды келешекте қалпына келтіру мақсатында әкелу мен әкету лицензия негізінде жүзеге асырылады", - деді Ерлан Нысанбаев.

Өзбекстанмен ынтымақтастықтың келесі бағыты – экожүйені деградациядан қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері.

"Қазіргі кезде экология саласы бойынша ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмі – Қазақстан мен Өзбекстанның трансшекаралық Сырдария өзені бассейнінің су сапасын және қоршаған ортасын қорғау жөніндегі бірлескен жұмыс тобы. Жұмыс тобының аясында Сырдария өзенінің тек экологиялық жай-күйінің мониторингі мен су сапасы көрсеткіштерінің тізбесін бекіту және де мемлекеттік экологиялық бақылауды өткізу мәселелері талқыланады", - деп атап өтті министр.

Айтуынша, өзбек тарапымен климаттық мәселелер аясындағы ынтымақтастық парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша үздік тәжірибемен алмасуды көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу