Қазақстан өзін азық-түлік тауарларымен қаншалықты қамтамасыз етеді?

131

Жыл сайын елімізде 3,5 млн тоннадан астам сүт пен 1 млн тоннаға жуық ет өндіріледі. 

Қазақстан өзін азық-түлік тауарларымен қаншалықты қамтамасыз етеді? Фото: canva.com

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенатта өткен парламенттік тыңдауда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Елдің азық-түлік тәуелсіздігі халықтың жылдық тұтыну қажеттілігінің кемінде 80%-ін өз өндірісі есебінен қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады.  Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде зор әлеуетке ие, 27,1 млн га егістік және 183,2 млн га жайылымды қоса алғанда барлығы 219 млн га ауыл шаруашылығы жері бар, өңірдің аграрлық секторындағы көшбасшы. 
Жыл сайын елімізде 18 млн тоннадан астам астық өндіріліп, 
оның 7 млн тоннадан астамы экспортталады", – деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бөлек 3,5 млн тоннадан астам сүт пен 1 млн тоннаға жуық ет өндіріледі. 

"Біз өзімізді азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100%-ға дейінгі қамтамасыз етеміз. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың барлығы ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде өндіріледі. Алайда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Бұл мәселе бізге белгілі және оны шешу мақсатында сүт тауарлы фермаларды, өңдеу кәсіпорындарын, құс фабрикаларын салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері енгізіліп жатыр", – деді Премьер-министрдің орынбасары. 

Айта кету керек, осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның аграрлық салада әлеуеті зор екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу